Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында жаңадан учаскелік полиция пункті ашылды

Маңғыстау облысында жаңадан учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының Жолдауында Ішкі істер органдары жүйесін реформалауда басты рөл учаскелік полиция қызметкерлеріне жүктеліп, қазіргі кезде учаскелік полиция инспекторларына, олардың қызметтеріне ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан полициясы күні мерекесі қарсаңында 18 маусым күні Түпқараған ауданында жаңа учаскелік пункттің ашылу салтанаты өткізілді. Бұл учаскелік пункт Ақшұқыр ауылына қызмет көрсететін болады. Учаскелік полицияға өз сұрақтарымен, арыз-шағымдарымен жүгінетін тұрғындар ендігіде жаңадан ашылған пунктке барып, өз мәселелерін шеше алады.

Ашылу салтанатына Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев, Түпқараған ауданы әкімі Қосуақов Айбек, Ақшұқыр ауылы әкімі Нұғманов Айсағали және ішкі істер органының ардагері Жантуаров Мұстахи қатысты.

Ашылу салтанатында департамент бастығы алғысөз сөйледі:

– Бұл ғимараттың ашылуы полиция қызметі үшін оқиға орнына жылдам баруына және қылмыстың алдын алуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Полицияға осындай қолайлы жағдайлар жасалып жатқаннан кейін, тәртіп сақшылары тарапынан өздеріне жүктелген міндетті адал әрі абыроймен атқаратынына сенім білдіремін, – деп сөзінің соңында аудан әкіміне учаскелік пункттің ашылуына қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді.


Аудан әкімі Айбек Қосуақов та жаңа учаскелік пункттің ашылуымен және полицейлерді төл мерекесімен құттықтап сөз сөйледі.

Бұл учаскелік пункттің ерекшелігі алты бөлмеден тұрады. Пунктте учаскелік полиция инспекторларынан бөлек қажетті жағдайда тұрғындардың жүгінуі үшін жергілікті полиция қызметіне, криминалды полициясына, жедел уәкілге, тергеушіге және учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция инспекторларына жеке-жеке бөлме қарастырылған. Барлық бөлме заманға сай техникалардың барлығымен толықтай жабдықталған, қолайлы жұмыс жасауға жағдай жасалынған.

– Мен осы аймақта 2015 жылдан бері учаскелік инспектор болып қызмет атқарып келе жатырмын. Ауылда қазіргі таңда 12 мыңға жуық тұрғын бар. Жаңадан ашылып жатқан учаскелік пунктте учаскелік инспекторлардан екі жауапты инспектор және екі учаскелік инспектордың көмекшісі болып қызмет атқаратын боламыз, – деп мәлімдеді Ақшұқыр ауылының жауапты учаскелік полиция инспекторы Сакен Акманов.

Шара соңында, Департамент бастығы ардагерлермен бірлесіп полиция пункті ауласында терек ағаштары түптерін отырғызды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру