Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау полицейлері 120 келі бекіре балығын тәркіледі

Маңғыстау полицейлері 120 келі бекіре балығын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында өңірде 24 ақпаннан 13 наурызға дейін «Браконьер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

10 наурызда сағат 23:00 шамасында Маңғыстау облысы ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Ақтау – Форт – Шевченко республикалық маңызы бар тас жолының 29-шы шақырымында табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп Lada 2112 күдікті көлікті тоқтатты. Автокөлікті тексеру барысында жүксалғышта жалпы салмағы 124 келі болатын 33 дана заңсыз ауланған бекіре балығы табылып, тәркіленді.

Бұл дерек ҚР ҚК-нің 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша Түпқараған ауданы полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.

Полицейлер 26 жастағы күдікті азаматты ұстады. Тәркіленген балық «Kazakh Osetr» ЖШС-не тапсырылды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру