Маңғыстау полициясы балаларға экскурсия ұйымдастырды
Маңғыстау полициясы балаларға экскурсия ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясының 30 жылдық мерекесіне орай Ақтау қаласы Сапсан оқу-дамыту орталығының бүлдіршіндері өңір полициясының тыныс-тіршілігімен етене танысу мақсатында Маңғыстау облысы Полиция департаментінде қонақта болды. Бұл – Мемлекет басшысының бұйрығымен бекітілген Балалар жылында іске асып жатқан іс-шаралардың бірі.
Полицейлер қонақтарды жылы қарсы алып, балақайларға жазғы демалыстың көңілді өтуіне тілек білдірді. Экскурсия жасөспірімдерді полиция тарихымен таныстыру, тәртіп сақшыларының өнегелі жолын есте қалдыру, патриоттық рухты ұялату мақсатында департаменттің мұражайынан бастау алды.
Айта кетейік, Маңғыстау полицейлері мұражайы – экспозициялар мен көрмелер, қорлар мен түрлі зерттеулер топтастырылған мәдениет ошағы. Балалар жылдар бойы мұражай қабырғасында жинақталған полиция мұрасымен, экспонаттармен танысып, өз эмоцияларымен бөлісті. Араларында полиция қызметіне зор қызығушылық танытқан, ертеңгі елге қызмет ететін болашақ тәртіп сақшылары да аз болған жоқ.
Танымдық экскурсиясының келесі бағыты ведомвствоның Жедел басқару орталығында жалғасты. Күндіз-түні азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысып отырған қырағы сақшылар жеткіншектерге құқық бұзушылықтардың қалай анықталатынын, бейнебақылау камераларын көрсету арқылы түсіндіріп, орталықтың басты мақсатымен таныстырып өтті.
Кішкентай меймандар бейнебақылау жүйесінің басқару пульттерін қолдану арқылы қала жолдарындағы қозғалысты бақылап, шаһарымызды кең ауқымда тамашалуға мүмкіндік алды.
Іс-шара соңында тәрбиешілер мен балалар Полиция департаментінің қызметкерлеріне шексіз алғыстарын білдірді.