Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы академиясы алғашқы киберқауіпсіздік мамандарына диплом табыстады

Алматы академиясы алғашқы киберқауіпсіздік мамандарына диплом табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі таңда сұранысқа ие заманауи мамандар даярлайтын Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы биыл алғаш рет киберқылмыстарды ашатын IT мамандар даярлап шығарды.

Алматы академиясын биыл 276 курсант бітіріп шыса, оның ішінде 42 курсант – ақпаратттық жүйелер мен радиотехника, электроника және телекоммуникация бойынша білім беру бағдарламасын аяқтады.

Жылдан жылға қарқын алып келе жатқан киберқылмыс тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл дүниежүзін алаңдатып отырғаны белгілі. Бұл орайда елімізде кибершабуылдарға қарсы атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Елбасының “Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік Жолдауында киберқылмысқа қарсы күресті күшейту туралы нақты міндеттер қойылса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер органдарының қызметкерлеріне озық техникаларды пайдалана отырып, электронды қылмыстық істерді тергеуді және ашуды жаңа деңгейге көтеруді тапсырған болатын. Осындай маңызды міндеттерді орындау мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау факультетінің жанынан Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі мамандарды даярлау орталығы ашылған болатын.

– Бұл орталық киберқылмыстарды ашумен және анықтаумен айналысатын мамандардың біліктілігін арттырумен айналысады. Орталықты ашу қарсаңында біз шетелдердің киберқылмысқа қарсы күрес және осы сала мамандарын даярлау тәжірибесін зерттедік. Соңғы жылдары елімізде интернет арқылы жасалатын қылмыстар екі есеге артып отыр. Интернет-алаяқтық әсіресе онлайн қызмет көрсету дамыған сайын артуда. Бізді алаңдататыны – басқа елдің аумағында отырып-ақ арам ойларын оп-оңай жүзеге асыратындардың көбейіп бара жатқаны. Ал биыл тұңғыш рет Алматы академиясы осындай киберқылмыстарды анықтаумен айналысатын 42 IT мамандарын оқытып шығарды. IT мамандардың екеуі ҚР ІІМ Орталық аппаратында қызмет атқаруға жолдама алды, – дейді Академия бастығы Айдар Сайтбеков.

Академияның Кәсіби дайындық факультетінің 2022 жылғы бітіруші түлектеріне алғашқы полиция лейтенанты арнаулы атағы мен диплом тапсыру рәсіміне ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Саденов, Академия Ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Қабденов, “Генералдар кеңесі” РҚҚ төрағасының бірінші орынбасары Б. Сарсеков және М. Оразалиев, М. Нүкенов, Ж. Кенжетаев сиқты генерал-майорлар, отставкадағы полиция полковнигі Д. Құсайынов, ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Р. Ошақбаев және Академияны бітірушілердің ата-аналары мен туыстары қатысты.

Бітіруші түлектерді салтанатты түрде құттықтаған Ішкі істер министрінің орынбасары Е. Саденов, Т. Қабденов және Р. Ошақбаев оларға ел тыныштығын күзетуде абыройлы еңбек ету үшін сәт-сапар тіледі. Академия түлектері атынан сөз алған полиция лейтенанты Н. Тойлыбай ішкі істер органдарында қызмет атқару барысында Отан алдындағы антқа адал болып, Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ететіндеріне сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру