Маңғыстау түзеу мекемесінде сотталғандар Наурыз мейрамын атап өтті
Маңғыстау түзеу мекемесінде сотталғандар Наурыз мейрамын атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ГМ-172/8 мекемесінде шара өтті. Мекеме қызметкерлерінің ұйымдастыруымен сотталғандар мерекені атап өтті. Алаңға киіз үй тігілген, қазан қайнап, жазасын өтеушілер ұлттық киім киген. Мерекелік шараны Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Амир Досқалиев құттықтау сөзбен ашты.
– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Наурыз – бабаларымыздан мұра боп қалған мейрам, бұл күні табиғаттың өзі жанданып, тіршілік түлейді, адамдардың жүректері мейірім мен жылылыққа толады. Бүгін барлық қазақстандықтар ұлтына, дініне қарамастан, Наурыз мейрамын тойлайды, – деді Амир Досқалиев.
Концерттік бағдарламада сотталғандар домбырамен ән айтып, күй тартты, би биледі. Ұлттық салт-дәстүрлерді сахналық қойылым арқылы көрерменнің назарына ұсынды. Сәбиді бесікті салып, бесік жыры арналды. Мекеме ауласына тігілген алтыбақанға жастар жағы жиналып, әуендетіп тербелді.
Киіз үйде келгендерге бауырсақ, палау мен наурыз көже ұсынылды. Соңында ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды: арқан тарту, гір көтеру, қол күрес.
Мекеме басшылығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерекелік шарада қатысушыларға алғыстарын білдірді.