Маңғыстауда сервистік полиция моделі бойынша ведосмтвоаралық топ жұмыс жасауда
Маңғыстауда сервистік полиция моделі бойынша ведосмтвоаралық топ жұмыс жасауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сервиске бағдарланған полиция қызметі – полиция мен қоғамға ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель. Ақтау қаласы бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ құрылып, қазіргі уақытта өз жұмысын атқаруда. Маңғыстау облысы Полиция департаментінің жаңа басшысы Аян Дүйсембаев бүгін сол топтың қызметімен танысты.
Ведомстволық топ тек ішкі істер органдары өкілдерінен емес, сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алуға құзыреттік берілген мемлекеттік органдардан құрылған. Атап айтсақ, прокуратура, денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жұртшылық өкілдері.
– “Сервистік полиция” моделі аясында полиция кез келген мәселені қоғаммен және өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен бірлесе шешуіміз керек. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері өзекті болып табылады. Сондықтан азаматтардың мәселелеріне жедел әрекет етуге бағытталған қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз етуіміз тиіс. Халықпен тығыз серіктестік орнатып, қарапайым халық пен полицияның байланысын барынша жеңілдетуіміз қажет, – деп атап өтті ПД басшысы Аян Дүйсембаев.
– Құрметті облыс тұрғындары, кез келген сұрақ пен мәселелеріңіз бойынша Ақтау қаласы 4 шағын аудан 8/3 мекенжайы бойынша орналасқан ведомствоаралық топтың қызметіне жүгінуге шақырамыз, – деп ПД басшысы облыс тұрғындарын құқық бұзушылықтың алдын алуда полициямен бірлесе қызмет атқаруға шақырды.