Маңғыстауда шетелдік автокөліктердің қатысуымен 113 жол-көлік оқиғасы болды
Маңғыстауда шетелдік автокөліктердің қатысуымен 113 жол-көлік оқиғасы болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстаулық полицейлер шетелдік автокөлік иелері арасында шетелдік көлік құралдарын сенімхат немесе сақтандыру полисі арқылы сатып алудың қаупі бар екендігі туралы ұдайы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Алайда, облыс жолдарында бұл автокөліктермен жасалатын құқық бұзушылық та, жол-көлік оқиғасы саны да азаймай тұр. Атап айтсақ, жыл басынан Маңғыстау облысы аумағында автоматтандырылған жүйелердің көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзған 5 102 шетелдік автокөлік иесі анықталып, 30 млн-нан астам суммаға 2 893 нұсқаулық жазылды. Сонымен қатар, өзге де құқық бұзушылықтар үшін шетелдік автокөліктерді тізгіндеген 601 көлік иесі жауапкершілікке тартылған.
Шетелдік көлік иелері көп жағдайларда көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау секілді құқық бұзушылықтар, сонымен қоса көлікті қайта жабдықтау, тиісті сақтандыру полисіне тіркелмеу секілді заң бұзушылықтардың орын алуына дейін де болдырып жатады.
Сондықтан, Ресей немесе өзге де мемлекеттің тіркеуіндегі автокөлігіңіз болса, тиісті құжаттарының сай екендігіне көз жеткізіп, заңмен белгіленген ережелерге немқұрайлылық танытпауларыңызды сұраймыз және тиісті техникалық регламенттердің, стандарттардың, нұсқаулықтардың талаптарына сай келмейтін көлік құралдарын пайдаланбауға шақырамыз.