Маңғыстауда сотталған ер адам орындықтар жасап, сәбилер үйіне сыйлады
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №43 мекемесінде сотталған ер адам балаларға арналған орындықтарды сәбилер үйіне сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Ол – көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен қол ұшын беру. Серік өзінің жасаған қылмысы үшін 5 жылға сотталған. Қазір қоныс-колониясында жазасын өтеп жүр. 33 жастағы сотталған жігіт өз қолымен ағаштан әр түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар жасайды. Ол Маңғыстау облыстық сәбилер үйіне балаларға арнайы орындықтар жасап, сыйға тартты.
Сотталған жасаған қылмысына өкінетінін айтты. Тиісті жаза мерзімін өтеп, бостандыққа шыққаннан кейін осы сүйікті ісімен айналысқысы келетінін жеткізді. Енді мерзімінің аяқталуын күтіп жүр.
Сәбилер үйінің директоры Сару Ермұханова Серікке өз ризашылығын білдіріп, бостандыққа шығуын және аман-есен үйіне оралуын тіледі.