Маңғыстауда «Түнгі тексеріс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті
Маңғыстауда «Түнгі тексеріс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы аумағында 6-11 қаңтар күндері аралығында «Түнгі тексеріс» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Есепте тұрған қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес сотталғандардың жаза өтеу шарттары мен тәртібін бұзбау, сот жүктеген міндеттерді орындау, әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Қарақия аудандық пробация қызметінің инспекторлары рейдтік шараларды ұйымдастырды.
Қарақия ауданында 43 адам пробация есебінде тұр. Шара барысында қызметкерлер сотталғандардың тұрғылықты жерін тексеріп, олармен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Есепте тұрған тұлғаларға белгіленген тәртіпке сай түнгі мезгілде тұрғылықты мекенжайларында болуын, жазасын өтеу кезінде жаза өтеу шарттары мен тәртібін бұзбауға, қандай да бір әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар жасамауға, ескертусіз тұрғылықты мекенжайы аумағынан алыс жерлерге кетпеуге шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік, – дейді Қарақия аудандық пробация қызметінің бастығы Нұрлан Надиров.
Содай-ақ бақылаудан жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны және қойылған талаптарды орындамаған жағдайда сотталғанға қатысты сот тағайындаған жазаны ауыстыру үшін сотқа ұсыныс жіберілетіні туралы айтылды.
Тексеру нәтижесінде екі тұлға үйлерінде түнгі уақытта болмағаны анықталды. Оларды іздеу жұмыстары жүргізіліп, табылғаннан кейін тәртіп бұзғандардан түсініктеме алынды, ескерту жасалды. Оның біреуіне қатысты бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру туралы Қарақия аудандық сотына ұсыныс жолданды.