Маңғыстауда заңсыз айналымнан 250 келіге жуық есірткі тәркіленді
Маңғыстауда жыл басынан бері заңсыз айналымнан 250 келіге жуық есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Маңғыстау облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен жыл басынан бері 347 есірткіге қарсы құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде есірткі қылмысының саны 39-ға жеткен. Қылмыстың бұл түрі өткен жылмен салыстырғанда 36 дерекке азайғанын атап өтуге болады. Есірткі затын өткізу бойынша 21 дерек, есірткіні заңсыз жарнамалау бойынша 3 дерек тіркелді. Есірткі затын аса ірі көлемде сақтағаны үшін ҚР ҚК 296-бабы 4-тармағы бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, есірткіні егіп өсірудің 5 дерегі және есірткі притонын ұйымдастырудың екі дерегі анықталды.
Осы жылдың 9 айы ішінде полицейлер заңсыз есірткі айналымынан барлығы 248 келі 235 грамм есірткі затын тәркілеп алды. Атап айтқанда, 207 келі 047 грамм марихуана, 39 келі 745 грамм апиын есірткісі және 1,5 келіден астам синтетикалық есірткі заты.
Сонымен қатар, есірткінің алдын алу бағыты бойынша семинар, дәріс, дөңгелек үстелдер сипатындағы 93 профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Синтетикалық есірткінің зияны мен қауіпін түсіндіре отырып облыстың орталық жол көшелерінде есірткіге қарсы 7 билборд орналастырылды.
Маңғыстау полициясы азаматтардан жат әдеттерден сақтануды сұрайды.
Денсаулыққа зиян келтіретін заттарды қолдану, өз өмірімен қоса қоғамға да ауыр зиянын тигізеді. Сондай-ақ, заң алдында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгендігін еске саламыз!