Маңғыстауда “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды
Маңғыстауда “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстаулық полицейлер жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қыркүйек айының 13-19 күндері аралығында “Жасөсіпірім” және “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізді. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты болдырмау – бүгінгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі.
Іс-шара аясында ювеналды полиция қызметкерлері түнгі рейдтік жұмыстар жүргізіп, мектептерде жиі түрлі бағытта түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Өткізілген рейдтік шаралар барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде немесе ойын-сауық орталықтарында жүрген кәмелет жасына толмағандар анықталып, олардың ата-аналарына қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Атап айтсақ, ҚР ӘҚБтК 442-бабы бойынша түнгі мезгілде балаларын қараусыз жіберген 555 ата-ана жауапкершілікке тартылды.
Іс-шараның жеті күнінде ішкі істер органдарына барлығы 621 жасөспірім жеткізілді. Оның ішінде 22 кәмелетке толмаған жеткіншек есепке қойылып, осы күндері барлығы 711 құқық бұзушылық анықталды.
Білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, балаларға қатысты құқықтық қол сұғушылықтың алдын алу мақсатында өткізілген бұл іс-шаралар аясында мектеп директорлары, ұстаздар және ата-аналардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар кешені жүргізілді. Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығының алдын алуға бағытталған облыстың білім беру ұйымдарында әр түрлі тақырыптағы 750-ден астам семинар, лекциялар және әңгімелесулер өткізілді.
– Өздерінің тікелей міндеттерін дұрыс орындамаған 48 ата-ана есепке алынып, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына 66 кәмелетке толмаған бала орналастырылды. Жедел алдын алу шарасы кезінде қолайсыз отбасылардың, ішкі істер органдарында есепте тұрған кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жері тексерілді, – деп атап өтті өңірдің полиция басшысы Жанарбек Бақтыбаев.