Маңғыстаулық тәртіп сақшылары түнгі мезгілде жасырын жұмыс жасаған түнгі клубты анықтады
Маңғыстаулық тәртіп сақшылары түнгі мезгілде жасырын жұмыс жасаған түнгі клубты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Карантинді сақтау бойынша полиция қызметкерлерінің әкімдік өкілдерімен бірлескен кәсіпкерлік субъектілерді тексеру шаралары жалғасуда. Елімізде енгізілген шектеу шараларына немқұрайлы қараған кезекті кәсіпкер анықталды. Нысан иесі белгіленген уақытқа қарамай, келушілерді қабылдаған.
26 мамыр 2021 жылы Ақтау қаласы 9а шағын ауданында орналасқан «H2O” клубы түнгі мезгілде жұмысын жалғастырып, тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Ол жақта маскалық режим мен әлеуметтік арақашықтық мүлдем сақталмағаны да айқындалды. Құқық бұзушылық ресми түрде тіркеліп, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша іс-құжаттар жинақталып, нысан иесінің түсініктемесі алынып, заңды шешім қабылдау үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.