Мақтаарал полицейлері банкоматқа ұрлыққа түскен жігітті анықтады
Мақтаарал полицейлері банкоматқа ұрлыққа түскен жігітті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ-ға банктердің бірінен арыз түскен. Онда Мақтаарал ауданының көшелерінің бірінде орналасқан дүкен алдында тұрған банкоматтың ішінде болған флешканы белгісіз азамат ұрлап кеткенін көрсеткен. Осылайша, 75 000 теңге шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде күдіктінің ұрлық жасаған сәтіндегі бейнежазба анықталды. Ол жас жігіт жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азаматтың бас шарасы қолхатта.
Белгілі болғандай, күдікті кешкі сағат 20:00 шамасында дүкенге келген. Содан соң банкомат құрылғысының ашық тұрған артқы жағынан флешканы көріп, қызығып, алып кеткен. Жас жігіттің үйінен қолды болған зат табылып, иесіне қайтарылды.