Мақтааралда мас халде көлік басқарған шетел азаматына қатысты сот үкімі шықты
Мақтааралда мас халде көлік басқарған шетел азаматына қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері түнгі рейд барысында жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзған Volvo жүк көлігін тоқтатты. Полицейлер тексеру кезінде жүргізушінің Өзбекстан азаматы екенін анықтады. Сондай-ақ оның мас халде көлік жүргізгеніне күмәнданып, медициналық сараптама тағайындады. Зерттеу қорытындысы жүргізушінің мас екенін растады.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеді.
Осылайша, полиция қызметкерлері аталған жайтқа байланысты іс құжаттарды жинақтап, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолдады. Сот шетел азаматын кінәлі деп танып, 7 жылға автокөлік басқару құқығынан айырып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алды.