Мақтааралда мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды
Мақтааралда мас жүргізуші жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Мақтаарал ауданының полицейлері түнгі қауіпсіздікті сақтау мақсатында рейдтік шара жүргізді. Нәтижесінде, полиция қызметкерлері Алғабас ауылына баратын тас жолдың бойында алдыңғы айнасы сынып, сызат пайда болған Audi автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында оның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Полицейлер оның мас күйіне күмән келтіріп, оған медициналық сараптама тағайындады. Зерттеу қорытындысына сәйкес, жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екені анықталды.
Тәртіп сақшылары аталған деректі ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеп, аудандық сотқа жолдады.
Мақтаарал аудандық сотының шешіміне сәйкес, жүргізуші кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.