Мақтааралдық полицейлер велосипед ұрлаған ер адамды анықтады
Мақтааралдық полицейлер велосипед ұрлаған ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, сағат 16:30 шамасында аудандағы саябақта тұрған STELS велосипедін белгісіз біреу жымқырып кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Полиция қызметкерлері хабар келіп түскен бойда оқиға орнына бірден келіп жетті. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Полицейлердің жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, қылмысқа күдікті ретінде бұрын сотты болған ер адам анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, жәбірленуші саябақта күзетші болып жұмыс істейді. Күдікті аталмыш ер адамның ұйықтап жатқанын пайдаланып, оның велосипедін ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.
Бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары велосипедті айғақты зат ретінде алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.