Мас ақмолалық досының көлігін ұрлап кеткен
Мас ақмолалық досының көлігін ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қарашада сағат 02:00 шамасында Атбасар қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Атбасар қаласының 34 жастағы тұрғынының басқаруындағы Volkswagen Golf автокөлігін тоқтатты.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізуші «жеңіл дәрежедегі» мас күйінде болған. Құжаттарды тексеру кезінде бұл азаматтың көлік құралдарын басқару құқығы жоқ екені анықталды.
Осы факті бойынша Атбасар қаласының тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер) бойынша әкімшілік хаттама жасалды.
Ол шетелдік көлікті оған қонаққа келген досы Атбасар ауданының 35 жастағы тұрғынынан ұрлап кеткені белгілі болды. Досы ұйықтап жатқанда, ер адам дүкенге барып келу үшін көлікке мінген. Алайда полиция қызметкерлерінің қолына түскен.
Осы фактіге сәйкес, ҚР ҚК-нің 200-бабының 1-бөлігі (Автокөлікті немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету)) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.