Мас халде көлік басқарған түркістандық жүргізушілер ұсталды
Түркістан облысының полицейлері мас халде көлік басқарған екі жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында күнделікті жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша рейдтік-профилактикалық іс-шараларын жүргізуде. Осындай шара барысында отырарлық полицейлер ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізушіні анықтады.
Полиция қызметкерлері сағат 21:30 шамасында күнделікті жұмыстарын жүргізу барысында, жол жүру ережелерін өрескел бұзып келе жатқан Ваз-21099 автокөлігін байқады. Жүргізушінің алкогольдік масаң халде көлік басқаруына күдіктенген тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынға қатысты медициналық сараптама тағайындады. Куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізушінің мас екені расталды. Аталған жайтқа байланысты ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Осы тұста Мақтаарал ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері де жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы атқарылған жұмыстарының нәтижесінде түнгі сағат 00:30 шамасында Мақтаарал ауданы Атакент кенті көшелерінің бірінде бұрылыс жарығын жақпай бұрылған Daewoo Nexia автокөлігін тоқтатты. Содан соң полиция қызметкерлері аталған жүргізушіні тексеру барысында оның масаң күйіне күдіктенді. Тәртіп сақшылары аталған жайттарды нақтылау үшін медициналық сараптама тағайындады. Куәландыру қорытындысы бойынша автокөлік жүргізушісінің мастығы белгілі болды. Мас халде жол жүру ережесін бұзып, автокөлік басқарған жүргізушіге қатысты ӘҚБтК-нің 595-бабымен (Маневр жасау қағидаларын бұзу) және 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері заңды шешім қабылдау үшін жинақталған іс құжаттарды Мақтаарал аудандық сотына жолдады.
Түркістан облысының полицейлері автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін екендігін ескертеді.