Мас күйінде көлік ұрлаған ақмолалық 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды
Мас күйінде көлік ұрлаған ақмолалық 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 желтоқсанда сағат 21:50-де «102» арнайы желісіне қаланың 41 жастағы тұрғынынан дүкеннің жанындағы автотұрақтан белгісіз тұлға Daewoo Nexia маркалы автокөлігін айдап әкеткені туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Шығын сомасы 2 млн. теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «Әскер 3» автопатруль экипажы патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторлары А.Агбаев пен Е. Сапаров Уәлиханов-Буденный көшелерінің қиылысында айдап әкетілген автокөлікті тоқтатты. Көлік бұрын сотталмаған Көкшетау қаласының 41 жастағы тұрғыны жүргізген.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 200-бабының 1-бөлігі (Автомобильді заңсыз иелену) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Медициналық куәландыру актісіне сәйкес, бұл азамат орташа дәрежеде мас күйде болған. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Көкшетау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының шешімімен бұл азаматқа 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамау түрінде жаза қолданылды.