Мас жолаушы пойыздан түсірілді
Алкогольдік масаң күйде болғаны үшін 28 жастағы астана тұрғыны «Қызылорда – Көкшетау» бағытындағы жолаушылар пойызынан түсірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Шиелі станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне «Қызылорда – Көкшетау» бағытындағы жолаушылар пойызының бастығы пойыз вагондарының бірінде құқық бұзушының бар екені жөнінде шағымданды, – дейді Көліктегі полиция департаментінің бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.
Қ. Қобландиннің айтуынша, тексеру барысында көлік полицейлері ішімдікке сылқия тойып алған Нұр-Сұлтан қаласының 28 жастағы тұрғынын анықтады.
Қоғамдық орында масаң күйде болған ер адам ескертулерге құлақ аспаған, сөйтіп жолаушылардың тыныштығын алып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Бұдан соң, құқық бұзушы аталған пойыздан акт бойынша түсірілген.
– Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес оның «орташа дәрежедегі» алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды, – деп нақтылады полиция полковнигі.
– Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК 437-бабының 1-бөлігі және 440-бабының 1-бөлігімен, яғни, «Тыныштықты бұзу және алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды, – деді Қ.Қобландин.
Еске сала кетейік, биыл жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 21 989 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін – 1 965 адам.
Әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 37 млн-нан астам теңгені құрады.