Масаң күйде көлік басқарып жүрген павлодарлық жүргізушілер туралы таныстары хабарлады
Павлодар облысында таныстарының масаң күйде көлік басқарып жүргені туралы жергілікті тұрғындар хабар берген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Патрульдік полиция батальонының кезекші бөліміне Павлодар қаласының тұрғындарынан бірден екі жасырын қоңырау келіп түсті. Екі жағдайда да азаматтар өздерінің таныстарының мас күйінде көлік басқарып жүргенін хабарлады. Жедел кезекші дереу патрульдік нарядтарға ақпарат берді, – деді Павлодар қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрғали Омарбеков.
Алғашқы жүргізуші Горький-Сәтпаев көшелерінің қиылысында ұсталды. Екіншісі полиция қызметкерлерінен сытылып кетуге тырысты, бірақ оның бұл әрекетінің жолы кесілді.
Жүргізушілерді медициналық куәландыру нәтижелері олардың біріншісінің жеңіл дәрежелі, ал екіншісінің орташа дәрежелі мас күйде екенін көрсетті.
Жүргізушілердің екеуіне де қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, екеуі де уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды, автомобильдер айыппұл тұрағына қойылды.
Әкімшілік соттың шешімі бойынша жүргізушілер 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды.
Сөз соңында Нұрғали Омарбеков жыл басынан бері Павлодар қаласының аумағында полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізген 37 жүргізушіні анықтағанын атап өтті.