Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

7 рет ұрлық жасаған кәмелетке толмаған ШҚО-дағы арнайы мектеп-интернатқа орналастырылды

Қызылорда облысында 7 рет ұрлық жасаған кәмелетке толмаған сот үкімімен екі жылға ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеу барысында 2004 жылы туған жасөспірімнің Қызылорда қаласында үй-жайлардан, қоймалардан, автокөліктерден барлығы жеті ұрлық жасағандығы анықталды.

Қызылорда қалалық Полиция басқармасы тергеп-тексеру амалдарын аяқтап, қылмыстық іс тиісті шешім қабылдау үшін облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.

Соттың 2020 жылғы  21 желтоқсандағы үкімімен кәмелетке толмаған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 2,3-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

ҚР ҚК-нің 63-бабына сәйкес, тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп саналып, пробациялық бақылау белгіленген.

Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 84-бабының 1-бөлігінің 5) тармағының талаптарына сай кәмелетке толмаған сотталғанға қатысты екі жыл мерзімге ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыру түріндегі тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шарасы қолданылған.

Үкім 2021 жылғы 7 ақпанда  заңды күшіне енді.

Үкімді орындаудан жалтарған кәмелетке толмаған тұрғылықты мекен-жайынан белгісіз бағытқа кетіп қалған.

Қызылорда қаласының ПБ ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері іздестіру барысында кәмелетке толмағанды Шымкент қаласынан тапты.

Қазіргі таңда кәмелетке толмаған сотталған Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Үлкен Бөкен ауылында орналасқан ерекше режимде ұстайтын арнайы мектеп-интернатқа орналастырылды. Оған қатысты пробациялық бақылауды белгіленген мерзім ішінде Көкпекті аудандық пробация қызметі жүргізетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру