Мәжіліс депутаты шымкенттік полицейлермен кездесті
Мәжіліс депутаты шымкенттік полицейлермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Бекжанов Шымкент қаласы Полиция департаментіне жұмыс сапарымен келді. Жеке құраммен арнайы жиын департамент бастығы Қайрат Дәлбековтың төрағалығымен өтті.
Мәжіліс депутаты жалпы күн тәртібінде департамент қызметкерлерімен қала аумағында қоғамдық тәртіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, ішкі істер органдарын цифрландыру барысы, сервистік полицияның жай-күйі мен модульдік арнайы жарақтанған пункттердің қызметі түсіндірілді. Департаменттің Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылаулар туралы да толығырақ баяндалды.
Бас қосу барысында елімізде бүлікшілердің іс-әрекетінен орын алған осынау қаңтар оқиғасында тыныштық пен қауіпсіздікті сақтап қалған полицейлердің ерлігіне оң баға берілді. Мәжілісмен қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, тәулік бойы халыққа қызмет еткен сақшылардың еңбегі ерен екенін атап өтті.
Сондай-ақ, сақшылардың жанқиярлық пен антқа деген адалдықтарын ерлікке пара-пар екендігін жеткізген халық қалаулысы әр қызметкердің жекелей талап-тілегін тыңдап, полицейлердің әлеуметтік қажеттіліктері ерекше ескерілуі маңызды екенін айтты. Бұл мақсатта ұсыныстар қабылдап, қай кезде де қолдау білдіруге әзір екендігін жеткізді.
Полиция департаментінің жұмысымен танысып шыққан Берік Бекжанов кездесу соңында азаматтардың қауіпсіздігі мен тынышы үшін бар күш-жігерін салып, тәулік талғамай қызмет етіп жүрген полицейлерге риясыз құрметін білдірді.
– Полиция – елдің қорғаны. Кешегі «Қаңтар оқиғасындағы» жағдай осы сөзімнің дәлелі. Алдағы уақытта сіздердей Отанға деген сүйіспеншілігі жоғары тәртіп сақшыларының қатары артса деген тілекпен полиция қызметкерлеріне тағы да алғыс айтамын!, – деп Берік Бекжанов сақшылардың жұмысына сәттілік тіледі.
Кездесу соңында департамент бастығы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – полицияның негізгі міндеті екенін айта отырып, халық қалаулысының полицияның жұмысын жақсарту бағытындағы жаңа жоба-жоспарларына алғыс білдірді.
– Сіздердің ұсыныстарыңыз полицияның жұмысын сапалы жүргізуге көмектеседі деп сенемін. Полиция қашан да елдің қорғаны. Қоғамның тынышы мен тынысын бақылаушы ретінде полиция қызметінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, қоғамның полиция қызметіне деген сенімін жоғарылата отырып бұқарамен жақындастыру, қазақстандық патриотизмді насихаттау – негізгі мақсатымыз. Дәл осы бағытта аянбай қызметімізді жалғастыратын боламыз, – Қайрат Дәлбеков алқалы жиынды қорытындылады.