Мәжілісте «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қаралды
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Мәжілістің жалпы отырысында «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын таныстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заң жобасы 6 тараудан және 22 баптан тұрады. Сонымен қатар онда «адам саудасының құрбаны», «адам саудасының ықтимал құрбаны», «осал жағдай», «адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері» мен басқа жаңа ұғымдар қарастырылған.
– Жоба ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған, – деп атап өтті полиция ведомствосының басшысы өз баяндамасында.
Заң жобасында 4 негізгі бағыт бар. Олар:
- Серіктестік
- Профилактика
- Қудалау
- Көмек көрсету
Жобада адам саудасы құрбандарының барлық құқықтары және олармен жұмыс істеу алгоритмі көзделген.
Заң жобасының тағы бір ерекшелігі – «тәуекел топтармен» жұмыс, яғни ықтимал құрбандарға көмек көрсету.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесіне жеке тарау арналған.
Министрдің айтуынша, бұдан басқа да толықтырулар мен өзгерістер ұсынылуда:
- Қылмыстық кодекске:
– «адам саудасымен байланысты қылмыстар» ұғымы енгізіледі;
– жасау тәсілдері бойынша «адамды қанау» ұғымы кеңейтіледі;
– «Притон ұстау және жеңгетайлықты» «интернет желісі арқылы» жасау деген жаңа саралау белгісі көзделеді.
- Қылмыстық-процестік кодексте жәбірленушінің әлеуметтік арнаулы қызметтер алуға құқығы көзделді.
- «Неке және отбасы туралы» кодексте лауазымды адамдарға балалар қалдырылған жағдайда, олар бұл туралы прокуратураға хабарлау міндеті бекітілді.
- «Жәбірленішулерге өтемақы қоры туралы» заңға қосымша үш қылмыс түрі, яғни қанау мақсатында ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыру және жезөкшелікпен айналысуға тарту қылмыстары бойынша құрбандарға өтемақы төлеу мүмкіндігі енгізілді.
- «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске балаларды өздеріне қалдырғаны туралы хабарламағаны үшін медициналық ұйымдардың, приюттердің, балалар үйінің қызметкерлеріне қатысты жауапкершілік көзделіп жатыр.