Мекемеде «Тіл заңын танып білейік» тақырыбында шара өтті
Қызылорда облысы ЗК-169/1 мекемесінде «Тіл заңын танып білейік» тақырыбында шара өтті,-деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.
ЗК-169/1мекемесінде жеке құрам арасында мекеменің мемлекеттік тілде аудармашысы Р. Абдрахманованың ұйымдастыруымен»Тіл заңын танып білейік» деген тақырыпта іс-шара өтті. Бұл іс-шараға тіл оқыту орталығының ғылыми әдістемелік бөлімінің басшысы Ә.Манасқызы мен Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің тіл маманы Д. Достанова келіп қатысты. ЗК-69/1мекемесінің тіл маманы Р. Абдрахманова қатысушыларды мемлекеттік тіл заңдарымен таныстырып өтті. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы Қазақстан Республикасында қабылданған заңдар мен өкім, жарғы, бағдарламаларға шолу жасады. Одан соң, жеке құрам арасында мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында мақал-мәтел, жаңылтпаш айтылды. Режим және күзет бөлімінің аға корпусшысы әділет аға сержанты Ж. Қабылов, әділет сержанты Е. Сұлтанбеков, әділет кіші сержанты Ж. Тахашевтартар тіл туралы мақалды мақамдап, жаңылтпашты жаңылмай айтып шықты. Ал, әділет аға лейтенанты А. Мырзалы ақын-жазушылардың тіл жайында айтқан қанатты сөздеріне қанат бітіріп, одан әрі ой өрбітіп, ана тілі жайлы көсіле, шешіле сөйледі.
Бұл іс-шараға арнайы шақырылған Әсел Манасқызы мемлекетіміздегі көптілділік пен латын әліпбиіне көшу мәселесі жайында кеңінен толғана сөйледі. Құқық қорғау саласындағы қызметкерлерді рухы биік, нағыз ұлт жанды азамат ретінде ұлттық тіл ұлылығын ұлықтайтын, ана тілінің қадір-қасиетін дәріптеп, қазақ тілінің мәртебесін арттырып жүруге шақырды. Іс-шара соңында, мекеме бастығының тәрбие бастығы жөніндегі орынбасары әділет майоры Тілеумұратов Руслан Қуандықұлы сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында тіл орталығымен бірлесе отырып өтілетін бұндай іс-шаралардың алда әлі жалғасын табатындығына ниет білдірді.