Мекемеден 7 дана металл құбыры ұрланды
Түркістан облысының полицейлері металл құбырларын ұрлаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-не жергілікті тұрғын, бір фирманың директоры ұрлықтың құрбаны болғандығы туралы арызданған. Онда мекемеге тиесілі 80,5 м болатын, жеті дана металл құбырларын белгісіз азамат қазып, ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі – 1,5 миллионға жуық. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға орнына Шардара АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтарды, аулаларды аралап, куәгерлерден сұрастырып, сондай-ақ сауда нүктелері мен бейнебақылау камераларын тексерді.
Нәтижесінде бір сағаттың көлемінде күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстап, ПБ-не жеткізді. Айғақты зат ретінде қолды болған металл құбырлары тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ер азаматтың бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті өзінің «КамАЗ» маркалы жүк көлігіне техникалардың көмегі арқылы салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Алайда оқиға орнынан көп ұзамай жүк көлігі бұзылып, жол бойында қалып қойған. Тәртіп сақшылары күдіктіні сол маңнан қолға түсірді.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді, бұл ұрылар үшін оңай олжа болуы мүмкін. Сондай-ақ өзіңіздің шаруашылық аулаларыңызды және ұйымдардың аумақтарын сенімді қоршаумен қоршап, бейнебақылау камерасы және күзет дабылын орнату қажет. Егер, сіз, ұрлықтың немесе басқа да қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.