Мектеп мұғалімі жоғалған планшетін тауып берген отырарлық полицейлерге алғыс айтты
Мектеп мұғалімі жоғалған планшетін тауып берген отырарлық полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-ға мектеп мұғалімі планшетін жоғалтып алғанын айтып, көмек сұрап келген. Оның айтуынша, аудан көшелерінің бірінде Samsung планшетін байқаусызда жоғалтып алған. Содан өз бетінше іздеп таба алмағандықтан, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Аталған жайтты отырарлық полицейлер бірден тіркеуге алды.
Тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетіп, жоғалған планшетті іздеуге бағытталған шаралардың барлығын жүргізді. Айналаны бір шолып, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді. Осылайша полиция қызметкерлерінің тыңғылықты жұмыстарының арқасында жоғалған планшет аудан көшелерінің бірінен табылды.
Полицейлер анықтағандай, тұрғын планшетін көлігінің үстіне қойып, ұмытып кеткен. Ал көлік жүрген сәтте ол көше бойына түсіп қалған.
Өз кезегінде тәртіп сақшыларының атқарған қызметіне риза болған мұғалім полицейлерге алғысын айтты.
– Мен планшетімді жоғалтып алдым. Содан соң өзім іздедім. Бірақ таба алмадым. Ал полицейлер бірден тауып берді. Жұмыстарына сәттілік тілеймін. Үлкен рақмет, – деп шынайы ризашылығын білдірді тұрғын.