Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мектеп оқушылары Ұлттық ұлан әскери бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысты

Астана қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөліміне №91 мектеп-гимназиясының 29 оқушысы барды. Танымдық сапар барысында мектеп оқушылары әскери қызметшілердің қызмет ету шарттарымен, күн тәртібімен және қару-жарақпен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әскери бөлім мен мектеп арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Бұл меморандум – екі тараптың бірлескен іс-шаралар өткізуіне, тәжірибе алмасуына және патриоттық бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруына негіз болатын ресми құжаты.

Сапар аясында 7 және 9-сынып оқушыларына әскери қызметтің ұйымдастырылуы, тәртіп талаптары және сарбаздардың өмір салты туралы ақпарат ұсынылды. Оқушыларға күн тәртібінің қалай құрылатынын, жауынгерлік дайындықтың қалай өтетіні туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар оқушыларға кинологтар қызметтік иттердің жұмысын арнайы іс-әрекет арқылы көрсетті. Әскерилер тәртіптің, патриотизм мен жауапкершіліктің маңызы туралы айтып, оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді және "6 бекет" фильмін көрсетті.

Экскурсияны 6636 әскери бөлімінің ардагері запастағы майор Алтынбек Нұрманов жүргізді. Алтынбек Нұрманов қазіргі уақытта білім ордасында "Жас бүркіт" ұйымын ашып, оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеуді қолға алған.

Айта кетейік, мұндай танымдық экскурсия оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, пайдалы және есте қаларлық тәжірибеге айналады. Осындай патриоттық шаралар оқушылардың болашақ мамандық таңдауына өз септігін тигізеді және олардың бойындағы жігер мен рухты оятады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру