Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Мемлекеттен млн теңге алып беремін»: сайрамдықтар алаяқтықтың құрбаны болды

Түркістан облысының полицейлері мемлекеттен миллион теңге әперемін деп алаяқтық жасаған екі күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғындар алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы шағым түсіреді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, олардың үйлеріне бейтаныс адамдар келіп, әлеуметтік көмек алып бере алатындарын айтып, ұсыныс білдірген. Осылайша мемлекеттен миллион теңге әлеуметтік көмек әпереміз деген алаяқтарға сенген тұрғындар ірі көлемде ақша берген. Жәбірленушілердің бірі алаяқтарға 340 мың теңге, ал екіншісі 850 мың теңге беріп, соңында сан соғып қалған. Себебі азаматтарға берілген уәде орындалмаған.

Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде күдікті екеудің жеке басын анықтап, ұстады. Олар Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты.

Бүгінгі таңда ұсталған жігіттердің басқа да осыған ұқсас алаяқтық деректеріне қатыстылығы анықталуда. Олардың саны көп болуы да мүмкін. Күдіктілер қолхатта. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Қылмыстық қолсұғушылықты болдырмау үшін Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және әртүрлі жәрдемақы алуға немесе жұмысқа орналасуға күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді. Өзінің мүлкі мен ақшасын белгісіз адамдарға бермес бұрын, мұндай ұсыныстардың заңдылығына көз жеткізіңіз. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, бірден полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру