«Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі»: Түркістан облысының полициясы мерекелік іс-шара ұйымдастырды
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі аясында Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі» тақырыбында іс-шара басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес өткізіліп жатқан шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос қызметкерлерін қоғамға таныту, олардың қазақ тілін, әдет-ғұрпын жетік меңгергенін көрсету.
Осыған байланысты 17 қалалық, аудандық полиция бөлімінің әрқайсысынан қазақ тілін жетік меңгерген полиция қызметкерлері іріктеліп алынып, өздері жайлы бейнежазбалар әзірледі. Бұл қызметкерлер бейнежазбада мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, татулық пен ынтымақтастықты нығайтып, ішкі істер органдарының кадр әлеуетін арттыруда қазақ тілін білу өте маңызды екенін жеткізді.
Мәселен, Мақтаарал аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесінің инспекторы Шохрух Баратов ұлты тәжік болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын жан. Қызмет барысында, отбасында қазақ тілінде сөйлейді. Ол – құжаттардың барлығын мемлекеттік тілде жүргізетін білікті маман. ҚР ІІМ Алматы академиясын 2019 жылы аяқтап, өзі туып-өскен Мақтаарал ауданында абыройлы қызмет етіп келеді. Асыл жары екеуі бір қызды тәрбиелеп келеді.