Мешітте 40 мың теңге ұрланды
Іле аудандық Полиция Басқармасына 37 жастағы Жапек батыр ауылының тұрғынынан арыз түсті. Ол Чапаев ауылындағы мешіттен күртешесінің қалтасынан қырық мың теңге ақша ұрланғанын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру кезінде Іле ауданының 35 жастағы тұрғыны ұсталды.
– Күдіктінің айтуынша, мінген таксиі Чапаев ауылында бұзылып қалған. Жүргізушіге жөндеу жұмыстарына көмектесіп, киімдерін былғап алса керек, сол маңда тұрған мешітті көріп, қолын жуып шығу үшін кіреді. Кіре берісте ілулі тұрған күртешені байқаған ол қалталарын тінтіп шығады. Табылған ақшаны алып, сыртта соған тамақтанған. Күдікті 20 мың теңгесін әйеліне беріп, қалғанын өз қажетіне жұмсаған, – дейді Іле аудандық ПБ қызметкері Мақсат Нұрсейітов.
Күдіктінің бұл – бірінші қылмысы емес екен. Бұрын да ол ұрлық жасап, бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылған.
Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Ұрлық дерегі ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
– Қылмыстарды ашуға үлкен көмек ретінде бейнематериалдар үлкен рөл атқаратынын атап өту керек. Сондықтан азаматтардың өз қауіпсіздігі үшін қоғамдық орындарда, үй алаңдарында бейнекамералардың орнатылғаны маңызды. Азаматтардың өзі де мейілінше қырағы болып, жеке заттарын қараусыз қалдырмағаны дұрыс, – дейді Мақсат Нұрсейітов.