Министр ІІМ Алматы академиясының №1 факультетінің тұңғыш бітірушілеріне сертификаттар тапсырды
Министр ІІМ Алматы академиясының №1 факультетінің тұңғыш бітірушілеріне сертификаттар тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясында басшылық құрамды даярлау факультетін аяқтаған тыңдаушылардың оқу нәтижелері шығарылды. Оқуды жемісті аяқтаған қызметкерлерге сертификаттар тапсыру салтанатына полиция ведомствосының басшысы қатысты.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Ішкі істер министрлігінің алдында полицияны реформалаудың маңызды міндеттері тұр. Біздің мақсатымыз – менеджментті, ақпараттық технологияны, қоғаммен байланысты және түрлі салалық білімді меңгерген жаңа форматтағы полиция кадрларын дайындау, – деп атап өтті ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Үш ай бойы полиция департаментерінің басшылары, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің және басқа да бөлімдерден келген тыңдаушылар басқару саласының қыр-сырларын, әкімшілік- шаруашылық қызметін, қаржы және құқықтық сауатты, жобалау, дағдарыстан шығару және HR-менеджмент, шешендік өнер шеберлігі, БАҚ-тармен қарым-қатынас секілді бағыттарда терең білім алды.
Оларға академияның оқытушыларынан бөлек арнайы шақырылған ғалымдар, қоғам өкілдері, депутаттар және ардагерлер сабақ берді.
Қазіргі заман талабына сай басшылық құрамды даярлаудың маңыздылығын марапаттау рәсімінде оқу процесіне өзі де қатысқан Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі Рахым Ошақбаев атап өтті.
– Кадрлардың әлеуетін дамыту ІІМ жүйесіндегі сапалы өзгерістерге әсер етеді. Осында алған білім азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттырып, құқық қорғау органдарына деген сенімді күшейтеді, – деді Ерлан Тұрғымбаев өз сөзінде.