Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мыңға жуық жүргізушіге айыппұл салынды

Алматы қаласында былтыр мыңға жуық автокөлік жүргізушісіне мүгедектерге арналған орындарға көліктерін қойғаны үшін айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері көлік құралдарын тұраққа, атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жерлерге қою ережелерін бұзуды анықтау бойынша рейд өткізді.

– Мұндай бейқам жүргізушілер өте көп болып шықты. Әркімнің әр түрлі сылтаулары бар, кейбіреулер бұл белгіні көрмеген, ал басқалары бес минутқа қою үшін басқа орын таппаған. Жауапкершіліктен жалтару үшін адамдар түрлі қулықтарға баруға дайын. Сонымен қатар, көлікте «мүгедек» деген белгінің болуы мүмкіндігі шектеулі адамның көлік жүргізіп отырғанына кепілдік бола алмайтынын ескеру қажет. Тиісті құжаттарды тексеруге тура келеді. Тағы да ескерте кететін жайт, мүмкіндігі шектеулі жандар ғана көліктерін арнайы белгіленген жерлерге қоюға құқылы, – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Сонымен қатар, ол көлік құралын мүгедектерге арналған орындарға қойғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабының 4-бөлігі бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылғанын, ал бір жыл ішінде осы ережені қайталап бұзғаны үшін 15 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылғанын еске салды.

Анықтама үшін:

– 2020 жылы көлік құралын қою ережелерін бұзғаны үшін 16 мың 321 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 997-сі көлік құралдарын мүгедектерге арналған орындарға қойғаны үшін жауапкершілікке тартылған;

– 2021 жылдың 15 күнінде 581 жүргізуші көлік құралын қою ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 30-ы мүгедектерге арналған орындарда көлік құралдарын қойғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру