Нашақорлыққа жол жоқ: БҚО полицейлері студенттермен кездесті
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмыса қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері университет студенттерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде "Заң және тәртіп" қағидатын нығайту аясында "Нашақорлыққа жол жоқ" атты нашақорлықтың алдын алу іс-шарасы өтті.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері студенттерге есірткінің зияны туралы айтып, оларды қолдану мен таратудың заңды салдары туралы айтты.
- Біздің міндетіміз – қылмыскерлерді анықтап қана қоймай, жастар арасында есірткіні қолдану мен таратудың салдары туралы ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осыған байланысты нашақорлықтың алдын алуда оқу орындарымен тығыз жұмыс істеуді жалғастырамыз, – деп атап өтті БҚО ПД ЕҚҚІҚБ қызметкері Бағдат Түгелов.
Сонымен қатар полицейлер студенттерге оңай табыс туралы ақпарат беріп, бұл көбінесе заңсыз әрекеттерге әкеліп соғатынын ескертті. Сондай-ақ цифрлық дәуірде қылмыскерлер есірткі заттарын сату үшін интернет пен мессенджерлерді көбірек қолданатынына ерекше назар аударылды. Соңында студенттер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, жауап алды.
Айта кету керек, өткен жылы БҚО полицейлері 26 есірткі жасырушыны, оның ішінде жеті кәмелетке толмағанды ұстады.