Нотариустың кеңсесіне қарақшылық шабуыл жасалды
Петропавлда нотариустың кеңсесіне қарақшылық шабуыл жасаған күдікті Қарағандыда ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 маусым күні Петропавл қ. Полиция бөліміне Жамбыл көшесі бойындағы жеке нотариустың кеңсесіне қарақшылық шабуыл жасалды деген хабарлама келіп түсті. Бетперде киген ер адам пышақпен қорқытып әйелдің алтын бұйымдары мен ақшасын иеленіп, белгісіз бағытта жасырынған.
СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровтың хабарлауынша, қарақшылық фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 1-бөлігі (қарақшылық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Аталған қылмысты ашу үшін қалалық Полиция бөлімінің жеке құрамы түгел бағдарланды. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында қылмыс жасалған аудандағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, пәтер бюролары, жалға тапсырылған пәтерлер мен саяжай массивтері тексерілді. Жедел уәкілдерде бірден қылмысты «гастролерлердің» бірі жасады деген болжам болды.
Қорытындысында сол күні-ақ қарақшының жеке басы анықталды: мүліктік қылмыс жасағаны үшін бұрын сотты болған Көкшетау қаласының 1996 жылғы тумасы. Күдіктіге бағдар еліміздің басқа аумақтарына әріптестерге жолданды.
Петропавлдағы нотариустың кеңсесіне шабуыл жасаған іздеудегі күдікті Қарағанды аумағында да қарақшылық жасап, ұсталғандығы жөнінде Қарағанды қаласынан ақпарат келіп түсті. Қазіргі уақытта Қарағанды қ. Полиция басқармасына беру үшін қылмыстық істің материалдары дайындалып жатыр.