Нұр-Сұлтанда ерлі-зайыптылар есірткі сату бойынша отбасылық кәсіп құрған
Елорда аумағында «Қарасора – 2022» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында аса ірі көлемде есірткі жеткізумен және өткізумен айналысатын адамдарды ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткіні өткізу арнасының жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Петров көшесінде елорданың 50 жастағы тұрғыны ұсталды. Әйел адамның жеке заттарын тінту барысында сөмкесінен салмағы 400 грамм болатын сатуға дайындалған «гашиш» және «марихуана» есірткі заттары табылды.
Одан кейін пәтерді тінту барысында оның 47 жастағы күйеуі ұсталды. Ол өз еркімен балконда сақталған 10 келіге жуық «гашиш» және 1,5 келіге жуық «марихуана» есірткі заттарын берді.
Сонымен қатар Боталы көшесінің бойында есірткі сатуға қатысы бар отбасылық жұптың сыбайласы, 25 жастағы ер адам ұсталды. Оны жеке тінту және автокөлігін тінту барысында «марихуана» есірткі заты тәркіленген.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 11 килограмнан асты.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД ЕҚҚІБ бастығы Ерлан Ақбаровтың айтуынша, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 130 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленген.