Нұр-Сұлтанда такси жүргізушісі мас жолаушының пәтерін тонап кетті
Полиция қызметкерлері пәтер ұрлығын жасады деген күдікпен елорда аумағында жеке тасымалдаумен айналысқан 41 жастағы Тәжікстан азаматын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға жүгінген қала тұрғыны бір күн бұрын қонақта болғанын және алкогольді ішімдік ішкенін айтқан. Сағат 23.00-де ол үйіне жету үшін такси шақырған. Көрсетілген мекенжайға жеткенде такси жүргізушісі клиенттен су ішуді өтінген. Жүргізушімен үйге бірге кірген мас жолаушы пәтерінде ұйықтап қалған. Ер адамның жағдайын көріп, жүргізуші ұрлық жасауға шешім қабылдап, пәтерді тінти бастаған. Такси жүргізушісі ұялы телефонды, планшетті, 100 мың теңге көлемінде қаражатты қолды қылған. Сонымен қатар үй иесінің аяқ киімдерін де өзімен бірге алып кетеді.
Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған ер адам өз кінәсін мойындап, заттай айғақ тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.