Нұр-Сұлтанда тұрғын бұзақылық жасағаны үшін үш тәулікке қамауға алынды
Нұр-Сұлтанда тұрғын бұзақылық жасағаны үшін үш тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«102» арнасына сағат 07:30 шамасында ер адам мас күйінде Амман көшесіндегі Ақбұлақ көпірінде қоршаудың бастырмасын ұрғаны туралы қоңырау түсті.
Оқиға орнына дереу полиция жасағы жіберілді. Полиция қызметкерлері елорданың 37 жастағы тұрғынын ұстады. Қоғамдық тәртіпті бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ол үш тәулік мерзімге қамауға алынды және әкімшілік қамаққа алынған адамдар үшін арнайы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
Тексеру барысында ұсталған адамның спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатын адам ретінде есепте тұрғаны анықталды. Сонымен қатар ер адамға қатысты бұрын әпкесімен болған жанжал үшін қорғау ұйғарымы шығарылған. Құқық бұзушының қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын жүйелі түрде бұзғандығы анықталды.