Өліммен аяқталған жол апаттарының 50%-ын автомектептерде оқудан өтпеген жүргізушілер жасайды
Көлік жүргізу тәртібінің төмендігі – жол апаттарының негізгі себептерінің бірі. Бұл туралы Үкіметтің жол қауіпсіздігі жөніндегі отырысында еліміздің бас полицейі мәлімдеді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Биыл полиция 4,5 млн-ға жуық жол ережесін бұзудың жолын кесті (+2,7% немесе 4 467 368).
Тәртіп сақшылары 17,5 мыңнан астам мас жүргізушіні ұстады. 20 мың жүргізуші басқару құқығынан айырылды. 16 мың адам әкімшілік қамауға алынды. 188 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.
– Көп жағдайда бұған автомектептерге қойылатын талаптардың және жүргізушілерді даярлау сапасының төмендеуі ықпал етті. Қазір 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лицензиялаумен рұқсат беру алынып тасталды. 2020 жылдан бері олардың қызметіне мемлекеттік бақылау жоқ, – деді Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ ол дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылғанын да атап өтті.
– Осының кесірінен оқу процесі формализмге айналды. Көп мектептерде керекті материалдық база жоқ, – деді спикер.
Талдау көрсеткендей, адам өліміне әкеп соқтырған апаттардың 50%-ы «өздері жүргізіп үйренгендердің» кесірінен болған (917-ден 449 жағдайда).