Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда мүмкіндігі шектеулі жан алаяққа алданып қалды

Оралда мүмкіндігі шектеулі жан алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Қыркүйек айында 18 жастағы жігіт ерігіп отырып, қолына алған телефонына ойына келген кез келген нөмірлерді тереді. Сөйтіп отырып, бір нөмір WhatsApp нөмірімен шыққан. Содан бұл қулық ойын іске асырмақшы болады. Алдымен жылы танысып, сеніміне кіре бастайды, достық қолын созуға әрқашан дайын екенін айтып, көзін жеткізуге тырысады. Тұтқаның арғы жағындағы жәбірленуші 25 жастағы, облыс аумағында тұратын, құлағының мүкісі бар зағип жандардың бірі болып шығады. Қу жігіт мұны білсе де, оның әлсіздігін пайдаланып, одан әрі алдауды жалғастырады. Содан қызбен таныстыруды өтінген зағип жанға тағы екінші нөмірін беріп, енді қыз ретінде танысып, сөйлесуді бастап кетеді. Бір-екі апта сөйлесе жүріп, өзіне қажет деген сомасын үнемі сұрап отырады.

Содан жәбірленуші сөйлесіп жүрген “қызға” кездесейік деген ниет білдіреді. Алдаушы бұл жағдайда да ебін тауып, сытылып шығады. Қыздың орнына өзі келіп, оған кездескенде тосын сый жасайық деген сылтауды айтып, қаладағы сауда үйлердің біріне ертіп апарып, қымбат телефондардың бірін несиеге ресімдеп, жоқ болады.

Қазіргі уақытта аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Орал қаласы ПБ Абай полиция бөлімінің қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ Орал қаласында оңай олжаға кеңелгісі келген 26 жастағы А. есімді азаматша қасында бірге тұрған пәтерлес қыздардың жеке куәліктерін білдіртпей алып кетіп, шағын қаржы беретін ұйымдардан қарызға ақша алып, онлайн түрде несие толтырып үлгерген. Біріне 800 мың, екіншісі 500 мыңға жуық шығын келтірген. Бұрын да осыған ұқсас қылмысты кәсіп қылған күдіктінің атынан әзірге екі эпизод тіркеліп отыр.

Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру