Оралда учаскелік полицей суицид жасамақ болған ер адамды құтқарып қалды
Оралда учаскелік полиция инспекторы өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды өлімнен аман алып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 желтоқсан күні сағат 20:52-де Орал қаласы ПБ Абай кезекші бөліміне белгісіз әйел адам хабарласып, ағасының өзіне қол жұмсамақ болған бейне жазба жібергенін және оған дереу көмек көрсету керек екені туралы айтқан. Хабарлама түскен бойда көрсетілген мекенжай бойынша №1 учаскелік полиция бекетінің учаскелік полиция инспекторы Елжас Серікқалиев барды. Оқиға орнына келіп жеткен ол үйдің іші-сыртын түгел тексеріп, ешкімнің жоқ екеніне көз жеткізеді. Десе де, үйде болған жанның алысқа кете қоймағанын, үстел үстіндегі ішімдіктерден, теледидардың қосулы тұрғанынан аңғарады.
Содан қайта тексеріп, сыртқа шықса, үйдің жанындағы қосымша бөлмеде жарықтың жағулы тұрғанын байқап қалып, соған қарай бәсеңдеп барып, есікті ашса, алдында біреудің өз-өзіне қол жұмсамақ болып, асылып тұрғанын көреді. Дереу батылдық танытып, суицидке барған адамды аяғынан ұстап, жоғары көтеріп алып, жіптен шешіп, алғашқы көмек көрсете бастайды. Тез арада жедел жәрдем шақырып, өлім аузынына аман алып қалады.
– Сол сәтте оның өмірінен маңызды ештеңе болмады. Оның өмірі менің қолымда тұрғандай сезіндім. Жақындағанда ер адамның асылып қалғанын байқадым, мен жүгіріп барып, оның аяғынан ұстап, жіптен босатып, жерге түсірдім. Ол екі мәрте қадам жасаған, біріншісінде үзіліп кетіп, екіншісінде мен келіп үлгердім. Ол есінен танып қалды. Өмір сүру белгілерін көрсетпеді. Бетінен ұрғылап, қолымнан келген көмегімді көрсеттім. Бірнеше секундтан кейін әлгі ер адам терең дем алды, – деп қуана жауап берді полиция инспекторы Елжас Серікқалиев.
Тексеру кезінде ер адамның отбасылық жағдайларға байланысты, ішімдік ішкен күйде суицидке барғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта жағдайы қалыпты, дәрігерлердің айтуынша өміріне еш қауіп жоқ.