Оралда "Жас қорғаушы" кубогына арналған футбол турнирі өтті
Оралда "Жас қорғаушы" кубогына арналған футбол турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Балаларды қорғау күні мен "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастамасымен Орал қаласында 6–8 сынып оқушылары арасында мини-футболдан турнир ұйымдастырылды.
Тартысты додаға қаланың бес мектебінен келген 6 команда қатысты. Бұл жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, оқушылардың спортқа деген ынтасын арттырумен қатар, жас ұрпақ пен полиция арасындағы өзара сенімді нығайту болды.
Жарыс барысында жас футболшылар ұйымшылдық пен жеңіске деген жігер танытып, алаңда шынайы спорттық рухты көрсетті.
Турнир нәтижесі бойынша:
- І орын – №46 мектептің бірінші командасы,
- ІІ орын – №12 мектеп командасы,
- ІІІ орын – №46 мектептің екінші командасы иеленді.
Жеңімпаздар мен қатысушылар "Динамо" спорт қоғамының арнайы кубоктарымен және дипломдарымен марапатталды. Бұл шара өскелең ұрпаққа сергек өмір салтын ұстануға серпін беріп, қоғаммен тығыз байланыс орнатуға бағытталған жарқын бастаманың бірі болды.