Ордабасы ауданының полицейлері «КамАЗ» жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты
Ордабасы ауданының полицейлері «КамАЗ» жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Ордабасы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі әрдайым халықпен тығыз қарым қатынаста. Олар тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдарға, үндеулер мен уәждерге дер кезінде назар аударып отырады. Мәселен аудандағы патрульдік полицейдің ұялы телефонына жергілікті тұрғынның бірі ауыр жүк көлігінің жол бойында кетіп бара жатып, жол ережесін бұзған бейнежазбасын жолдайды. Яғни аталған бейнежазбада «КамАЗ» маркалы жүк көлігінің қоқыс пен қоса бірнеше адамды тасымалдау қағидаларын өрескел бұзғаны анық көрсетілген. Заңсыздыққа бей жай қарамай оның алдын алуға үлес қосқысы келетін тұрғынның бейнежазбасын мұқият қарап шыққан полицейлер жедел әрекетке көшеді. Ордабасы аудандық полиция бөлімі патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы Әлібек Бейсенов ауыр жүк көлігінің жүргізушісін анықтап, оны жолда тоқтатады. Жүргізушіге бейнежазба көрсетіліп, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға байланысты өзіндік талаптарды түсіндіреді. Ол өз кінәсін мойындап, кешірім сұрады. Полицейлер жүргізушіге заңға сәйкес ҚР ӘҚБтК-нің 571-бабы (Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу) бойынша хаттама толтырды.
Яғни ендігі кезекте заңды белшесінен басқан жүргізуші жеті мың теңгеден астам көлемде айыппұл төлемек. Ал егер құқықбұзушылық кезекті рет қайталанса, онда жүргізуші екі есе көлемдегі айыппұлды мемлекет қазынасына құяды.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға және заңдарды бұзбауға шақырады. Егер сіз осындай құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың куәгері болсаңыз, дереу полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласыңыз.