Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кентауда автоұры ұсталды

Түркістан облысының полицейлері кілттерді таңдау арқылы ұрлық жасаған автоұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері Кентау қаласында жергілікті тұрғынның автокөлігінен бағалы заттарды ұрлаған күдіктіні “ізін суытпай” ұстады. Нақтырақ айтсақ, қалалық полиция бөліміне жәбірленуші арызданып, көлігіне белгісіз адам ұрлыққа түскенін жеткізді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-де тіркелді.

Полиция қызметкерлері ақпарат алысымен бірден оқиға орнына жақын маңдағы көшелер мен аулаларды қарап шықты, жәбірленушіден және ықтимал куәгерлерден жауап алды, ал сарапшылар қылмыстың іздері мен басқа да дәлелдемелерді тәркіледі.

Осындай жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Кентау ҚПБ-ның криминалдық полиция қызметкерлері автоұрының жеке басын анықтады. Күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Ол Түркістан облысының бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында күдіктінің түнгі уақытта аулалардың бірінде тұрған “Дэу Нексия” маркалы көлікті байқап, ешкімнің жоқтығын пайдаланғаны белгілі болды. Содан ұры, кілттерді таңдау арқылы автокөліктің есігін ашып, ішінен сегіз мың теңге, алтын алқа мен портсигарды жымқырып кеткен.

Полицейлер жігіттен ұрланған портсигар мен көліктердің есігін ашуға арналған арнайы кілттер байламын тәркіледі. Ал алтын алқаны қаладағы ломбардтардың біріне кепілге тапсырған жерінен тәркілеп алды.

Өз кезегінде жәбірленуші тұрғын, ұрланған заттарын қайтарған полицейлерге шынайы ризашылығын білдірді. Тәртіп сақшыларының жеделділігі мен кәсіби шеберлігіне тәнті болып, алғысын айтты. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Тергеу оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне қырағы болу және өз көліктерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ұсынады Сондай-ақ ақша мен бағалы заттарды көлікке қалдыруға болмайтынын ескертеді. Сондай-ақ, темір тұлпарыңызға күзет дабылы орнатылып, оны тек күзетілетін тұраққа қоюға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлықтың және өзге де қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға “102” телефоны бойынша хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру