Өшпес ерлікке тағзым
Павлодарда полицейлер қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан әріптестерін еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша ардагерлер мен полиция қызметкерлері қаза тапқан әріптестерінің ерлігі мен батырлығына тағзым етеді. Іс-шара бір минут үнсіздікпен басталып, мемориалға гүл шоқтарын қоюмен жалғасты.
Салтанатты рәсімге Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері және қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары қатысты. Солардың қатарында Канат Сармантаевтың әкесі де болды. Ол бүгінде ұлының отбасы ұмыт қалмай, әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан басшылыққа алғысын білдірді.
— Қайғылы оқиға осыдан 29 жыл бұрын, қылмыскерлерді ұстау кезінде болды. 1996 жылғы 3 маусым күні ұлым Канат пен аға жедел уәкіл Мейрам Даулетов қызметтік тапсырманы орындау үшін автокөлікпен шыққан болатын. Дзержинский мен Максим Горький көшелерінің қиылысында, "Кристалл" дүкенінің жанында олар іздеуде жүрген қылмыскерге ұқсас адамды байқап, оны ұстауға әрекеттенеді. Алайда әлгі адам кенет тапаншасын шығарып, ұлым мен оның әріптесіне тура оқ атты. Алған жарақаттардан Мейрам Даулетов пен Канат оқиға орнында қаза тапты, – деп еске алады марқұмның әкесі.
Жиналғандар қаза тапқан әріптестерін үнсіздікпен еске алды. Құрмет қарауылы дүркін залп орындады. Жеке құрам салтанатты саппен жүріп өтті.
— Біздің әріптестеріміз қызметтік борышын атқару барысында қаза тапты, олар ең қымбат– өз өмірлерін бейбіт тұрғындардың тыныштығы үшін құрбан етті. Бұл – Ахметқали Тезекбаев, Мейрам Даулетов, Канат Сармантаев, Асылбек Бижанов, Ерлан Нұржанов, Ербол Сембаев, Фарид Қақабаев және Арли Харки. Бүгін жүрегімізде қайғы бар, бірақ біз олардың ерлігімен, батырлығымен мақтанамыз. Олар қылмыскерлерге қарсы тұрып, артқа шегінбеді. Біз күн сайын қызметке шыққанда оларды есте сақтап, бұл қаралы тізім ешқашан көбеймейтіндей қызмет етуіміз керек, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орынбаев.
— Қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан жас жігіттер соңғы сәттеріне дейін Антқа адал болып, Отан мен халыққа шын ниетпен қызмет етті. Батырларымыздың есімдерін мәңгі есте сақтау үшін мемориалдарға енгізіп, олардың ерліктерін жастарға жеткізіп отыру – басты парызымыз. Себебі нағыз батырлар бар екенін жас буын білуі керек. Қаза тапқан әріптестеріміздің ерлік әрекеттері – осы қиын да жауапты жолды таңдаған жас қызметкерлер үшін әрдайым жарқын үлгі болады, – деді Ұлттық ұлан мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев.