Өскеменде 18 жастағы жігіт колонияның қоршауынан телефон лақтырмақ болды
Өскеменде 18 жастағы жігіт колонияның қоршауынан телефон лақтырмақ болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекеме қызметкерлері 18 жастағы жігіттің мекеме қоршауынан смартфонды колония аумағына лақтырмақ болған әрекетін тоқтатты.
Жедел және тәртіп бөлімінің қызметкерлері колония аумағын күзету кезінде бір жігіттің қолындағы затты жан-жағына қарайлап, лақтыруға дайындалып жатқанын байқаған. Жедел әрекет ету барысында 18 жастағы азаматты ұстап, оралған затты тәркіледі. Азамат қолындағы затты өзі танымайтын белгісіз сотталғанға колония қоршауынан лақтырып жіберуін өтінгені туралы түсіндірген.
– 18 жастағы жігіттің айтуынша, оралған затты кімге арналғанын білмейді. Өзінен танысы көмек сұрағандықтан, көмектеспек болғанын айтты. Сондай-ақ, бұл әрекеті үшін ол жауапқа тартылуы мүмкін екенін де білген жоқпын деп түсіндірді, – деді мекеме бастығының орынбасары Бақытжан Ниязбеков. – Жеке тексеру кезінде ұсталған азаматтан скотчпен оралған түйіншек тәркіленіп, ішінен ұялы телефон табылды. Күдіктінің жеке басын анықтау барысында оның Өскемен қаласының тұрғыны екені анықталды, – деп қосты Бақытжан Ниязбеков.
Аталған факті тіркеліп, ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша құжаттар жиналуда.