Жас жігіт «LEXUS»-ті не үшін өртеді?
Өскемен қаласында полицейлер қымбат көлікке май шашып, өртеп жіберген екі азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға ақпанның 3-не қараған түні болған. Белгісіз біреулер Стрелка ауданында тұрақта тұрған «Лексус-570» маркалы көлікті қастық оймен жағып жіберген. Иесіне келген шығын – 22 млн теңгеге шықты.
Сол маңдағы көше камераларын тексеріп шыққан полиция қызметкерлері экраннан түнгі сағат 2-нің шамасында белгісіз бір ер адамның көлікке жақын келіп, алдыңғы сол жақ дөңгелегіне сұйықтық шашып, от қойғанын көреді. Қаскөй көп тұрмай, оқиға орнынан ізін жасырып үлгереді.
Бірақ күдікті қолға түсті. 27 жастағы жігіт жұмыс істемейді екен, өзі – облыс орталығының тұрғыны.
Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр. Оның қылмысқа не үшін барғанын тергеу анықтайды. Полицейлер көлік тұрған жерге оны жеткізіп тастаған сыйбаласын да анықтады. Қалғанын тергеу шешеді.