Өскемендік полицейлер мас күйде өзгенің көлігін айдап кеткен тұрғынды құрықтады
Өскемендік полицейлер мас күйде өзгенің көлігін айдап кеткен тұрғынды құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қалалық ПБ Ертіс полиция бөліміне қала тұрғыны түнгі уақытта бейтаныс жігіттің оның үйінің жанында тұрған Toyota Land Cruiser көлігін заңсыз иемденіп алғаны және 3,2 млн теңге көлемінде шығын келтіргені туралы хабарлаған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер 32 жастағы күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Тексеру барысында ер азаматтың рөлде «орташа дәрежелі» масаң күйде болғаны анықталды. Сондай-ақ база бойынша тексеру барысында жүргізушінің бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары көлікті заңды иесіне қайтарды.
Күдіктіге қатысты қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігі және 346-бабы 1-бөлігі бойынша тергеліп жатыр.