Өскемендіктің атына несие рәсімдеген әйел 4 жылға дейін сотталуы мүмкін
Жеке деректерін пайдаланып, өскемендіктің атына несие рәсімдеген әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпан айының басында Өскемен қалалық ПБ Солжағалау полиция бөлімінің «102» жедел арнасына облыс орталығының 42 жастағы тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз тұлға оның жеке деректерін пайдалана отырып, шағын несие ұйымында ақшалай несие рәсімдеген. Шығын сомасы 90 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері қаскөйдің ізіне түсіп, оны анықтап, ұстаған. Полицияның қолына түскен 41 жастағы жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Ұсталған азаматша кінәсін мойындаған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы 4000 АЕК дейін айыппұл немесе 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.