Отбасы мәселелері — полиция назарында: СҚО-да полицейлерге арналған ерекше тренинг өтті
Петропавл қаласында полиция қызметкерлеріне арналған "Шешілмеген мәселелер зертханасы" тақырыбында тәжірибеге бағытталған сабақ өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналды. Сабақ барысында қызметте де, өмірде де туындайтын мәселелерді шешудің конструктивті жолдарын іздеуге ерекше көңіл бөлінді. Жиын Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті.
Іс-шараға облыстық және қалалық полицияның түрлі бөлімшелерінен 40-тан астам қызметкер қатысты. Модераторлар ретінде тәжірибелі педагогтар, сондай-ақ "Демеу" мекемесінің және СҚО полиция департаментінің психологтары шақырылды. Тренингке Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи да қатысты.
Полицейлер психологтармен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері, нақты жағдайлар мен оны болдырмау жолдарын талқылады. Қатысушылар "Әйелдер", "Отбасы", "Әкімдік", "Білім беру"және "Полиция" атты тақырыптық топтарға бөлінді. Әр топ отбасындағы жанжал деңгейін төмендетуге бағытталған өз ұсыныстарын ортаға салды.
Тренингтің ең әсерлі сәттерінің бірі - әлеуметтік рөлдерді алмастыру жаттығуы болды. Ерлер мен әйелдер бір-біріне қарама-қарсы отырып, қарсы тараптың рөліне еніп, отбасындағы күрделі жағдайларда бірін-бірі тыңдап, түсінуге тырысты. Бұл тәсіл мәселеге жан-жақты қарауға және өзара түсіністікті тереңдетуге септігін тигізді.
Қорытындыда Назипа Шанаи аудиторияның белсенділігі мен қызығушылығын атап өтіп, мұндай форматтардың маңыздылығын ерекше айтты.
- Шешім тек диалог арқылы табылады. Әсіресе, отбасы мен қауіпсіздік туралы сөз болғанда, - деді ол.
Мұндай сабақтар полиция қызметкерлерінің психологиялық сауатын арттыруға ғана емес, халықпен тиімді жұмыс жүргізу дағдыларын жетілдіруге де көмектеседі. Бұл маңызды, өйткені полицейлер күн сайын түрлі жанжал жағдайларымен бетпе-бет келеді және өздері де отбасында өмір сүреді.